Джеки Чанның келуіне байланысты Алматы полициясы күшейтілген режимге көшті

Джеки Чанның келуіне байланысты Алматы полициясы күшейтілген режимге көшті
astanatv.kz

Әлемге әйгілі актер, режиссер әрі продюсер Джеки Чанның Алматыға келуі қарсаңында қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Осыған байланысты Алматы қаласы полиция департаментінде халықаралық кино жобасын түсіру кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған кеңейтілген жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Жиынға қоғамдық қауіпсіздік, жол қозғалысын ұйымдастыру, іс-шараларды сүйемелдеу және түсірілім тобымен өзара іс-қимылды үйлестіруге жауапты бөлімше басшылары қатысты.

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов халықаралық деңгейдегі киножобаның Алматыда түсірілуі шаһар үшін ғана емес, тұтас Қазақстанның имиджі үшін маңызды екенін айтты.

– Басты міндетіміз – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау және түсірілім жұмыстарының кедергісіз өтуіне жағдай жасау. Мұндай жобалар еліміздің халықаралық беделін арттырады. Сондықтан барлық қызметтер заң талаптарын қатаң сақтап, үйлесімді әрі кәсіби жұмыс істеуі қажет, – деді ол.

Кеңес барысында түсірілім алаңдарының қауіпсіздігі, жобаға қатысушыларды сүйемелдеу, көлік қозғалысын реттеу, жергілікті атқарушы органдар және ұйымдастырушылармен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ықтимал төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмдері де нақтыланды.

Полиция департаменті күштер мен техниканы жұмылдыру тәртібін, ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған профилактикалық шаралар кешенін алдын ала бекітті.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін «Доспехи Бога 4: Ультиматум» халықаралық кино жобасының жұмысы басталғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева актерді Қазақстандағы түсірілімнің басталуымен құттықтаған еді.