Дөрекі таксистің заңсыздығы әшкере болды: Қазақстаннан шығарылады

Дөрекі таксистің заңсыздығы әшкере болды: Қазақстаннан шығарылады
Polisia.kz

Петропавл тұрғыны такси жүргізушісінің дөрекілігіне шағымданған. Алайда шағымды тексеру барысында полицейлер жүргізушінің көші-қон заңнамасын бұзғанын анықтап, істі сотқа жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, 42 жастағы шетел азаматы Қазақстанда жолаушылар тасымалымен айналысқан. Бірақ елге кірген кезде келу мақсатын жұмысқа орналасу немесе кәсіпкерлік қызмет ретінде көрсетпеген.

Сонымен қатар, оның бұған дейін де көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны анықталды. Құқық бұзушылықтың бір жыл ішінде қайталануына байланысты полиция материалдарды сотқа жолдады.

Сот шетел азаматына бір тәулік әкімшілік қамау тағайындап, кейін Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарылуына шешім шығарды. Бұған қоса, оның елге қайта кіруіне бес жылға тыйым салынды.

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 679 шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылған. Оның 633-і көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жазаланған.

Осы кезеңде 45 шетел азаматы Қазақстаннан шығарылып, тағы 152 адамның елде болу мерзімі қысқартылған.