Freedom Inside '26

Дипломы жоқ "психологтарға" заңмен тыйым салынбақ

Дипломы жоқ "психологтарға" заңмен тыйым салынбақ
Stock-Asso / Shutterstock / Fotodom

Қазақстанда психологтардың қызметін реттейтін жаңа заң қабылдануға жақын. Сенат мақұлдаған заң жобасына сәйкес, енді арнайы білімі жоқ азаматтар өзін "психолог" деп таныстырып, кәсіби қызмет көрсете алмайды, деп хабарлайды ult.kz.

Заң жобасы психологиялық көмектің сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және саладағы бірыңғай талаптарды қалыптастыруға бағытталған.

Сенат депутаты Әсем Рахметованың айтуынша, құжат психологтардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптарды күшейтеді. Атап айтқанда, кәсіптік стандарт енгізіліп, мамандардың біліміне, кәсіби құзыреттері мен біліктілігіне нақты талаптар белгіленеді. Сонымен қатар психологтардың Әдеп кодексі бекітіліп, кәсіби жауапкершілік пен құпиялылық қағидаттарын сақтау міндеттеледі.

Заң жобасында психологтардың мемлекеттік тізілімін құру да қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, бұл тізілімге жоғары білімі және халықаралық сертификаты бар мамандар ғана енгізіледі.

Егер психологтың қызметіне қатысты негізді шағымдар түсіп, сапасыз қызмет көрсеткені немесе кәсіби талаптарды бұзғаны анықталса, ол мемлекеттік тізілімнен шығарылады. Сондай-ақ кез келген азамат арнайы реестр арқылы маманның білімі, біліктілігі мен еңбек өтілі туралы мәліметті тексере алады.

Құжатта психологтардың кәсіби құпияны сақтамауы немесе өз міндетін тиісті деңгейде орындамауы жауапкершілікке әкелетіні де көзделген. Заң бұзушылықтың салдарына қарай маман әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Заң жобасы енді Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.