Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды дипфейк технологиялары мен жалған брокерлерді пайдаланатын интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақытта алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жасанды интеллект көмегімен танымал тұлғалардың бейнесін қолдана отырып, азаматтарды жалған инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттеуде. Олар жылдам әрі кепілдендірілген табыс уәде етеді.
Қаскөйлер жәбірленушілерге мобильді қосымшалар орнатуды, күмәнді сілтемелерге өтуді немесе «инвестиция», «тіркеу» және «табысты арттыру» деген желеумен ақша аударуды ұсынады. Ақша жіберілгеннен кейін байланыс үзіліп, уәде етілген пайда төленбейді. Кей жағдайда алаяқтар «салық» немесе «сақтандыру жарнасын» төлеуді талап етіп, қайта-қайта ақша сұрайды.
ІІМ мұндай деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау, алаяқтық сайттарды және заңсыз ақша аудару арналарының жұмысын тоқтату шаралары қабылдануда.
Министрлік азаматтарға күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға, тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге кеңес берді. Интернет-алаяқтыққа тап болған жағдайда бірден полицияға немесе 102 арнасына хабарласу қажет.