Депутат қазасынан кейін клиникада ауыр заңбұзушылықтар анықталды

Депутат қазасынан кейін клиникада ауыр заңбұзушылықтар анықталды
ашық дереккөз

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың қайтыс болуына байланысты ол ем қабылдаған медициналық мекемеде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Науқастың туыстарының өтініші негізінде Ақтаудағы “Қасиет” медициналық орталығы тексерілген. Тексеру 29 сәуір мен 15 мамыр аралығында өтті. Іске тәуелсіз бейінді мамандар — пластикалық хирург пен анестезиолог-реаниматолог тартылған.

Қорытынды бойынша науқасты жоспарлы хирургиялық операцияға дайындау және медициналық көмекті ұйымдастыру барысында бірқатар медициналық стандарттардың бұзылғаны анықталды.

Ведомство мәліметінше, тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жолданған.

Еске салайық, депутат Ербол Айтуов Ақтаудағы аталған клиникада липосакция жасатуға барған. Ота кезінде наркоздан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, инсульт алған. Кейін комаға түсіп, бір айдан соң көз жұмған.