Дәурен Қуат: "Журналистерсіз Парламент қалғып-мүлгіп отыр"

Дәурен Қуат: "Журналистерсіз Парламент қалғып-мүлгіп отыр"

Күні кеше белгілі жазушы, журналист, қоғам қайраткері, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуатпен маңызды тақырыптардың басын шолып, азды-кем сұхбат құрған ек. Ендеше, қаламгердің ашық ой-пікірін білгіңіз келсе, мархабат! 


- Жақында «Ауыл» партиясының тізімінен мәжіліске кандидат екеніңізді көрдік. Неге дәл осы партияны таңдадыңыз?

- Мен – табан аудармай баспасөз саласында қызмет етіп келе жатқан адаммын. Журналистикадағы еңбек жолымды аудандық «Қапал еңбеккері» газетінде бастадым. «Қапал еңбеккері» – бұрынғы Талдықорған облысы Қапал ауданының газеті еді. Сол газетке 17 жасымда, мектепті бітіре салысымен қызметке тұрған екенмін, содан бері 30 жыл болыпты – газеттемін. Газеттегі мансабым сатылап өсті. Аудандық газеттен кейін облыстық «Жерұйық» газетіне аустым. Одан кейін Республикалық «Халық Кеңесі» газетінде Талдықорған облысы бойынша меншікті тілші, одан соң еларалық «Қазақ елі» газетінде тілші, «Қазақ Елінен» соң «Жас Алаш» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, Республикалық саяси-тәуелсіз «Алтын Орда» газетінде бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде де бас редактордың орынбасары, «Алтын Орда» газетінде бас редактор, «Жас Қазақ» газетінде бас редактор болып кете береді.  «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып тағайындалғанға дейін «Abai.kz» ақпараттық порталын ашып, қазақ ойының ғаламторда дамуына азды-кем үлес қосыппын. 

Маған әу бастан әдебиет-мәдениет тақырыбы жақын. Әйтсе де, тоқсаныншы жылдардағы буырқанған оқиғалар, ұлттың жаңа дәуір алдындағы қам-қарекеті әлеуметтік-ұлттық бағытта мақалалар жазуыма жетеледі. «Жас Алашта» саясат тақырыбын бір белге көтердім-ау деп ойлаймын. Оны сол кездегі «Жас Алаштың» жанкүйер оқырмандары жақсы біледі. Жалпы журналист саясат тақырыбынан айналып өте алмайды. Журналисті, соның ішінде ұлттық мәселелер толық шешімін таппай тұрған елде өмір сүріп жатқан журналисті, қоғамның саяси өмірі күнде толғандырса керек. Бірақ, журналист – қоғамдағы проблемаларды шешуші емес, көрсетіп жазушы, жария етуші тұлға. Ал журналист көрсеткен мәселелер іске аспайды екен, биліктің құлқы жоқ екен, ендеше журналисттің саясатқа араласуға қақы бар. Бұрынғы алашордашылар мен сол кездегі коммунистердің қатарында болған ағаларымызға қарашы – бәрі ұлтшыл. Және солардың бәрі – ақын, жазушы, журналист, ғалым. Мамандығы инженер, орманшы, заңгер дейтін Мұхамеджан Тынышбаев, Әлихан Бөкейхан, Барлыбек Сырттанов, Жақып Ақпаевтардың қайсысы болмасын сөзді пір тұтқан жандар. Бірі қазақтың тарихын жазды, бірі көркем аудармалар жасады дегендей. Сол ағаларымыз өз замандарында саяси күрес жолын таңдаған болатын. Біз де сондай таңдау жасадық. Таңдау жасаған партиям – «Ауыл» партиясы болды. Ал «Ауыл» партиясының артында үлкен күш тұр. Ұраншыл, сауықшыл күш емес, шынайы пәрменді күш. Ол күш – ауыл халқы. Ол күш – еліміздегі ең үлкен сала аграрлық сектордың қордаланып қалған мәселелерін шешуді талап етіп, бел алып келе жатқан күш. Қала берді, ауылға қатысты жайттардың жақсаруын бәріміз қалаймыз. Ауылға бүйрегіміз бұрады, оған жанымыз ашиды. Айналайын, күндердің бір күні бәріміз «Ауыл» партиясының қатарына өтуге талап қылуымыз мүмкін. Сол кезде мен сияқты таңдау жасаған азамат өз таңдауының дұрыстығын оп-оңай дәлелдеп беретін болады. 

- Партияға мүше болу жазушылығыңызға әсер етпегенімен, журналист ретінде бейтарап болуға кедергі емес пе?

- Жоқ, әсер етпейді деп ойлаймын. Ауыл тақырыбында қазақ журналистерінің бәрі жазады. Блогерлер де жазады. Сонда мен жазсам болмай ма? Ауылдан шыққан қазақтың қара баласы бола тұрып мен ауылдың ахуалына бейтараптылық танытсам жөн бе? Әрине, өзім басқаратын газетке не порталға «Ауыл» партиясының саяси жарнамасын қоймай тықпалап отырсам, оным журналистік этикаға жатпайды. Бірақ «Ауыл» партиясы ауыл үшін батыл қадамдар жасап, партияның ол қадамын халық тұтас қолдап кетсе, мен партияның мүшесі едім деп текке қарап және отыра алмаймын. Мынаны түсінуіміз керек: біз қалайық, қаламайық бүгінгі жүйеде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан бүгінгі жүйедегі саяси партиялардың қам-қаракеті турасында барлық баспасөз жазуы керек. Онсыз қоғамның саяси келбетін тану мүмкін емес.

- «Ауыл» партиясының сайлауда Мәжіліске енетіндей дауыс жинай алатынына сенесіз бе?

- Саясатта алдын ала болжам жасау қою қиын. Бірақ саясатты бағып, сайлаулар барысында сараптама жасап отыратын мамандар болады. Кейде солардың айтқандары келіп те жатады. Сарапшылар қазір «Ауыл» партиясы 10 қаңтарда болатын сайлауда «Nur Otan» партиясынан кейінгі орынды иеленеді деп жатыр. Соған қарағанда «Ауыл» Мәжілістен де, Мәслихаттан да ойып тұрып орын алатын болса керек. Оның үстіне билік ауылшаруашылығын дамыту үшін қажетті заңдар қабылдау керектігін түсініп отыр. Ол заңдарды Парламентте ауылшаруашылығын, ауылдың рухани-мәдени құндылықтарын түсіне алатын партия ғана қолдайды. Демек, үміт бар. 


- Қазіргі қазақ журналистикасына не қажет?

- Бұл сұрақтың жауабын кейін, кең отырып іздейік жарай ма?

- Ауылға соңғы рет қашан бардыңыз? Ауылдағы ең өзекті проблема қандай?

- Осыдан ай жарым ғана бұрын барып келдім. Ал былайынша күнде ауылдамын десем болады. Ұялы телефон деген ауылдағы ағайынмен сағат сайын байланысқа шығуға мүмкіндік тудырып тұр ғой. Соны пайдаланамыз. Қалалықтардың бәрі қазір ауылының жағдайын осы төте байланыс арқылы біліп отыр. Қаланың жаңалығы да ауылға лезде жетеді. Соның нәтижесі шығар: ауыл халқы осы күні жер-жаһанның барлық жаңалығынан хабардар. Ауыл ұйқысынан оянды. Ендігі ауылды алдап сулап, арқаға қағып қойып қайтадан қалғытып жібіре алмайсыз. Ол енді ешкімнің қолынан келмейді.

Ауылда проблема шаш етектен. Соның біреуін ғана айтайын. Ол – жол. Жолдан ауыл халқы қатты азап шегіп отыр. Ауылға жақсы жол жетсе, барлық игілік те жетеді. Жол дегеніміз – экономиканың күре тамыры. Жол дегеніміз – мәдениет, өркениет. Жол – өмір. 

- Қазақ журналистері депутат болуға неге әуес?

 - Сен өзің журналистсің, сөйте тұра осындай сұрақ қоясың-ә? (күліп жіберді). Қазақ журналистерінің депутаттыққа әуестігі биыл ғана байқалды. Бірақ, мен бұны әуестік демеймін, қажеттілік деймін. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жанталасып жүрген журналистердің мемлекетшілдігін бүгінгі қоғам терең түсіне бастады. Журналистердің үміткер болып жатқанының сыры осында, әйтпесе, осыған дейін Қазыбек Исадан басқа Мәжіліске қол созған журналист болды ма?  Сонда Қазкеңнен басқа кім бар? Мен егер әріптестерімнің депутат болуға әуестігін білмеген болсам, түзетіп жіберерсің.

Жалпы сенің бұл сұрағыңа жоғарыда жауап берген сияқтымын: журналисттің саясатпен кәсіби түрде шұғылдануға толық қақысы бар. Журналистер Парламентте болса, қоғамдық сананы жаңартуға, сілкінтуге әсер етеді деп ойлаймын. Журналистерсіз Парламентті көріп келеміз ғой, қалғып-мүлгіп отыр. Бізге әлде әлі де сондай Парламент керек пе? Ойланайық. 

- Abai.kz порталында құрылтайшылықта барсыз ба? Бар болсаңыз, сайттың қарқынына көңіліңіз тола ма? 2010 жылдағы қарқын 2020 жылы басылып қалғандай. Себебі не?
- «Abai.kz» ақпараттық порталының құрылтайшылығынан уақытша кеттім. Сайлау заңының талабы солай. Заңды сақтауымыз керек. Ал порталдың қарқыны төмендеп қалды деген пікіріңмен келіспеймін. «Абайдағы» мақалаларды күніне 25-30 мың адам қарап оқиды. Бұл – нақты статистика. Әлеуметтік желілердің дәурені жүріп тұр десек те, ондағы ең оқылымды пост әрі кетсе 1000-1500 ғана лайк жинай алады. Ал «Абайда» өткір мақалалардың бір күндегі оқырманы 10-15 мың болып кетеді. Өйткені бұл сайттың авторлары - шетінен сайыпқырандар. Қазақтың ұлт қамын ойлаған бар жақсысы мен жайсаңын «Abai.kz»-тің айналасына топтастыра алғаныма мен бүгін шүкіршілік етемін. Сайтта қазір жастар. Жас адам жаңалықшыл келеді. Демек, «Abai.kz» бағындыратын жаңа бел-белестер алда деп сенемін.

- Мемлекеттік тапсырысқа көзқарасыңыз қандай?

- Баспасөзі барынша дамыған, дамып келе жатқан елдердің бәрінде мемтапсырыс бар деуге болады. Бұл жерде сенің сұрағың: «БАҚ-қа  дотация берілуі керек пе, соған көзқарасыңыз қалай?» болса керек. 

Айтайын. БАҚ та – мемлекеттік сипаты бар ірі сала. Бұл саланы мемлекет мүддесінен тыс, бейтарап дүние деп қарауға болмайды. Сондықтан оған қашанда қолдау қажет. Бірақ әр елде қолдаудың түрі әрқандай. Мысалы, Ресейде БАҚ ірі концерндерге, қаржылық ұйымдарға берілген. АҚШ пен Батыста баспасөз жарнама берушілер мен байлығы бас айналдыратын қожайындардың меншігінде. Алайда соның бәрін мемлекеттік мүдде біріктіріп, тұтастырып тұр. Сондықтан мемтапсырыс аясында қазақ баспасөзі қолдау тауып жатса, оған қорланбау керек. Тек мемтапсырыстың тақырыбын заманға бейімдеп еркіндеу ету керек. Мемтапсырысты орындаудың форматын да өзгерту керек. Басқасы - баспасөздің кәсібилігіне, журналистердің шеберлігіне тиісті мәселе.

 - Қағаз газеттің болашағы туралы не ойлайсыз?

- Газет-журнал оқу мәдениеттіліктің, білімнің қайнар көзінен сусындаудың мүмкіндігі болып қала береді. Мен бұл сөзді уақытынан бұрын айтып отырмын, білемін. Бірақ түбі соған келеміз.  

Сұхбаттасқан Айханым Айтақын