Қостанайда медицина қызметкерін балағаттап, күш қолданамын деп қорқытқан 70 жастан асқан зейнеткер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Сот мәліметінше, оқиға биыл 16 шілдеде «Биос» медициналық мекемесінде болған. Зейнеткер медицина қызметкеріне қасақана құрметсіздік танытып, оны балағаттап, дене күшін қолданатынын айтып қорқытқан.
Осы дерек бойынша оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Сот айыпталушының 70 жастан асқанын, бұған дейін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескерді.
Нәтижесінде оған 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды. Заң талаптарына сәйкес айыппұл көлемі 30 пайызға қысқартылып, 90 825 теңге болып белгіленді.