Актриса Дариға Бадықова Олжас Абаймен бірге түсірген “Соңыра” фильмі туралы жазып, көрерменді өз өміріне де көңіл бөлуге шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесінің айтуынша, туындыда жақындарының қамын ойлап, өз қалауы мен арманын кейінге ысыра беретін адамдардың тағдыры көрсетіледі.
“Адам бәріне үлгеремін, жақындарымның жағдайын жасаймын деп жүріп, өз өмірінің қалай өтіп кеткенін байқамай қалуы мүмкін”, – деп жазды актриса.
Бадықова фильмнің мазмұны құтқарушылардың қызметімен ғана шектелмейтінін жеткізді. Оның сөзінше, оқиға өзгені құтқаруға ұмтылып, өзін ұмытып кеткен жандар туралы.
Актриса туындыны көрген адамдар күнделікті тіршіліктің арасында өзіне уақыт бөліп жүр ме деген сауалға жауап іздесе дейді. Сондай-ақ ол оқырмандарына “Сіз өзіңізді бірінші орынға қойдыңыз ба?” деген сұрақ қойды.
Айта кетейік, Дариға Бадықова мен Олжас Абай шаңырақ көтерді.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Бадықова – қазақстандық театр және кино актрисасы, продюсер. Көпшілікке “Бизнес по-казахски” фильмдеріндегі Мақпал рөлі арқылы танылған. Сондай-ақ “Келінжан” телехикаясында ойнап, көрермен ықыласына бөленді. Актриса кейіпкерлерінің мінезін ашуда күнделікті өмірде кездесетін адамдардың әрекеті мен сөйлеу мәнерін пайдаланатынын айтқан.
Кейінгі жылдары Дариға Бадықова продюсерлікпен де айналыса бастады. Ол “Таптым-ау сені” фильмін жарыққа шығаруға атсалысты. Осылайша актерлік өнермен қатар, кино жобаларын жүзеге асыру бағытында да жұмыс істеп келеді.