«БЖБ мен ТЖБ-ны енгізген шенеуніктер жауап беруі керек» – Мәжіліс депутаты

«БЖБ мен ТЖБ-ны енгізген шенеуніктер жауап беруі керек» – Мәжіліс депутаты
ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қазақстандық мектептерде қолданылып келген БЖБ мен ТЖБ бағалау жүйесінен бас тарту мәселесіне қатысты пікір білдіріп, оны енгізуге жауапты болған шенеуніктердің жауапкершілігін көтерді, деп хабарлайды ult.kz centralmedia24.kz порталына сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, бұл жүйені енгізуге қомақты бюджет қаражаты жұмсалғандықтан, оның не себепті тиімсіз деп танылғанына жан-жақты талдау жасалуы қажет.

«БЖБ мен ТЖБ ұзақ уақыт бойы енгізілді, оған үлкен қаржы бөлінді. Егер бұл қате шешім болса, онда оны енгізген шенеуніктер жауап беруі керек. Бүгін енгізіп, ертең алып тастай салуға болмайды. Мұндай шешімдер талдау мен сарапшылар қорытындысына негізделуі тиіс», – деді Ирина Смирнова Мәжіліс кулуарында.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерде БЖБ (бөлім бойынша жиынтық бағалау) мен ТЖБ-дан (тоқсандық жиынтық бағалау) біртіндеп бас тарту жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.

Министрліктің жоспарына сәйкес, олардың орнына дәстүрлі бақылау жұмыстары – диктанттар, шығармалар мен мазмұндамалар қайта енгізілуі мүмкін.

Депутаттың пікірінше, білім беру жүйесіндегі мұндай ауқымды өзгерістер нақты сараптамалық бағалаудан өтіп, қоғаммен кеңінен талқылануы қажет.