Ішкі істер министрлігі Астанада блогермен видеоға түскен туристік полицияның екі қызметкерінің не себепті жұмыстан шығарылғанын түсіндірді. Бұл туралы ІІМ министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Оның сөзінше, тәртіптік комиссия полицейлердің әрекетінен қызметтік әдеп пен мінез-құлық талаптарын бұзу белгілерін анықтаған.
«Қызметтік міндетін атқарып жүрген және формадағы полиция қызметкерлерін блогерлердің көтеріп алуына жол беруге болмайды. Полиция қызметкерлері бұлай істемеуі керек деп есептейміз», – деді Лепеха.
Ол полицияның негізгі міндеті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысты ашу екенін атап өтті. Ал ойын-сауық сипатындағы контент полиция қызметінің негізгі функциясына жатпайды.
«Бәлкім, бұған жекелеген жағдайларда және жұмыстан тыс уақытта жол берілетін шығар», – деді министр орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде блогердің Астана туристік полициясының екі қызметкерін көтеріп алған видеосы тараған еді. Кейін екі полицей де ішкі істер органдарынан шығарылған.