Биыл Алматыда студенттерге арналған екі жатақхана салынады

Биыл Алматыда студенттерге арналған екі жатақхана салынады

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық заң академиясының көпсалалы кешенінде болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мегаполис әкімі Instagram-дағы парақшасында қаладағы жоғары оқу орындарының студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін жатақханалар салып жатқанын айтты. Бұл – Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасындағы» негізгі міндеттің бірі. 

«Дінмұхамед Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында ашылғалы жатқан көпсалалы кешенде болдым. 100 студентке арналған орын, оқытушыларға арналған бөлмелер, сондай-ақ тұрмысқа қажет асхана, кір жуатын орын, кітапхана, медпункт, интернет сыныптар қарастырылған», - деп жазды Б. Сағынтаев. 

Соңғы екі жылда жоғары оқу орындары 1,5 мың орынға жуық 5 жатақхана салды және модернизацияланды. Биыл 1,7 мың студентке арналған тағы екі ғимараттың құрылысы басталды.

«Алматы – жастар қаласы. Сондықтан білім алып жүрген жастардың өмір сүру мен тұрмыс жағдайын жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз», - деп атап өтті Алматы әкімі.