Freedom Inside '26

Бибісара Асаубаева азаматтығын ауыстыра ма? Министрлік нақты жауап берді

Бибісара Асаубаева азаматтығын ауыстыра ма? Министрлік нақты жауап берді
Instagram/bibisarachess

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев шахматшы Бибісара Асаубаеваның басқа елдің азаматтығын алуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ult.kz.

Парламенттің бірлескен отырысында журналистердің сауалына жауап берген вице-министр бұл мәселенің күн тәртібінде жоқ екенін айтты.

«Бибісара Асаубаеваның азаматтығын өзгерту мәселесі мүлде көтеріліп отырған жоқ. Бұл әңгімені кімнің және не үшін таратқанын білмеймін», – деді Серік Жарасбаев.

Оның сөзінше, Бибісара – Қазақстанның нағыз патриоты әрі ел намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген спортшы.

«Ол Қазақстан тарихында шахматтан әлем чемпионатының алтын медалін қатарынан үш рет жеңіп алған тұңғыш спортшы. Сондықтан біз оны ерекше құрметтейміз. Бұған дейін көтерілген қаржылық мәселе толықтай шешілді», – деді вице-министр.

Серік Жарасбаевтың айтуынша, жақын күндері Бибісара Асаубаева Астанаға келіп, Президент жарлығымен берілген мемлекеттік наградасын алады.

Еске салайық, бұған дейін Бибісара Асаубаева Мемлекет басшысынан көмек сұрап, Туризм және спорт министрлігінен тиісті қолдау көрмей отырғанын мәлімдеген еді. Кейін министрлік бұл мәлімдемеге жауап беріп, шахмат басым спорт түрлерінің қатарына кірмейтінін түсіндірген болатын.