Қазақстан әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Белгілі ақын, аудармашы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұртас Исабаев 72 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды ult.kz.
Нұртас Ибрагимұлы Исабаев 1954 жылдың 13 қарашасында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын аудандық газетте корректор болып бастап, 1982 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын тәмамдаған.
Ақынның алғашқы жыр жинағы «Бастау» 1980 жылы жарық көрді. Кейін «Өмірді сүю», «Ұлылықпен сырласу», «Қимаймын сені», «Өмірге құштарлық» сынды бірқатар поэзиялық кітаптары оқырманға жол тартты. Оның өлеңдері орыс тіліндегі «Разбег» ұжымдық жинағына да енген.
Нұртас Исабаев қазақ әдебиетіне ақын ретінде ғана емес, талантты аудармашы ретінде де зор үлес қосты. Ол орыс ақыны Александр Твардовскийдің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, ұлттық аударма өнерінің дамуына еңбек сіңірді.
Әдебиет саласындағы еңбегі үшін Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының, Ораз Жандосов қоры сыйлығының лауреаты атанды. «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, Президенттің Мемлекеттік стипендиясымен және «Құрмет» орденімен марапатталған.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қазақ әдебиеті көрнекті қаламгерінен айырылғанын мәлімдеді.