Freedom Inside '26

Базардағы заңсыз өнім: мыңдаған жұмыртқа «Беккер шұңқырына» тасталды

Базардағы заңсыз өнім: мыңдаған жұмыртқа «Беккер шұңқырына» тасталды
Almaty-akshamy.kz

Алматы қаласындағы сауда орындарында жүргізілген рейд барысында 13 мыңнан астам заңсыз әкелінген тауық жұмыртқасы анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен және Қазақстан құс өсірушілер одағымен бірлесіп, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тексеру жүргізді.

Рейд барысында «Барыс-IV» базарында ветеринариялық ілеспе құжаттары жоқ, тиісті таңбасы қойылмаған және арнайы қаптамасыз сатылымға шығарылған тауық жұмыртқалары анықталды. Нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы саны 13 680 дана жұмыртқа тәркіленді.

Аталған дерек бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес хаттамалар толтырылып, жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 1 297 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Мамандардың мәліметінше, тәркіленген өнімдер адам мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, 10 маусым күні арнайы тәртіппен жойылды. 13 680 жұмыртқа қалалық мал қорымындағы «Беккер шұңқырына» жеткізіліп, биотермиялық әдіспен консервацияланған.

Рейд қорытындысы бойынша көтерме және бөлшек сауда ұйымдарының басшыларына ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңсыз әкелінген өнімдерді сатуға жол бермеу туралы ресми ескертулер жолданды.