
АҚШ президенті Джо Байден маусым айында Еуропаға сапары кезінде ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездесудің сәті түсіп қалар деп үміттенеді.
Сәуір айында Байден Путинге екі ел арасында қордаланып қалған мәселелерді (Украинаға төнген қауіп, SolarWinds америкалық компьютерлерге кибершабуылы, Ресей билігінің оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды түрмеге жіберуі) талқылау үшін үшінші елде кездесуді ұсынған.
Байден Ресейдің қастық жасағаны анықталса, қатаң жауап беретінін бірнеше рет ескерткен. Бірақ ортақ мүдделер алаңында (мысалы, ядролық қарудың таралуы, ғаламдық климаттың өзгеруі, Иранмен ядролық келісім, Солтүстік Корея мәселесі және Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту) Мәскеумен әріптестік орнатуға дайын екенін де жеткізген.
3 мамырда Лондонға сапары кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтон Мәскеумен қарым-қатынасының "тұрақты, жоспарлы" болғанын қалайды, бірақ ақыр соңында бұл қарым-қатынастың сипаты Кремльдің саясатына қарай анықталады деп мәлімдеген.