Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында үш жасөспірім суға батып көз жұмды. Қайғылы оқиға 9 маусым күні кешкі уақытта Жаңақазан ауылы маңындағы Сарыөзенде болған, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2009 жылы туған екі жасөспірім мен 2008 жылы туған бір жас азамат арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға тыйым салынған жерде суға түсу кезінде батып кеткен.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған аумақта суға түсуге болмайтыны жөнінде ескерту белгісі орнатылған.
Оқиға туралы хабар түскеннен кейін құтқарушылар жедел түрде оқиға орнына аттанған. Алайда ТЖМ бөлімшелері жеткенге дейін қаза болғандардың денелері жергілікті тұрғындардың көмегімен судан шығарылған.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Белгілі болғандай, көз жұмған үш жасөспірім де биыл мектеп бітірген түлектер болған.
Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарды тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырып, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау қажеттігін еске салды.