Батыс Қазақстанда төрт күнде 430 адамнан коронавирус табылды

Батыс Қазақстанда төрт күнде 430 адамнан коронавирус табылды

Батыс Қазақстан облысында соңғы төрт күнде 430 адамнан коронавирус табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткеніндей, соның тең жартысына жуығы немесе 208-і Орал қаласында тіркелген.

Сондай-ақ індет Бөрлі (74) және Бәйтерек (62) аудандарында өршіп кетіп отыр. Төрт күнде Теректіде 23, Сырым мен Қазталовта 13, Тасқалада 9 адамның ауырғаны тіркелді.

Департамент мәліметіне қарағанда, 430 адамның 357-сінде ауру белгілері болса, 173-інде симптомсыз өтуде. 202-сінен ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген кезде анықталса, 149 адам бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған. Оған қоса профилактикалық мақсатта қаралған 72, стационарға жатқызу алдында сынама алынған 7 адамнан коронавирус табылды. 

Індет басталғаннан бері өңірде 15576 адам сырқаттанса, соның 12516-сы жазылып шықты. 246 адам көз жұмды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бір күнде 100-ден астам полиция қызметкерінің екпе салдырғанын жазған болатынбыз.