Батыс Қазақстанда екпе алуы тиіс тұрғындардың 52,4 пайызы вакцина алды

Батыс Қазақстанда екпе алуы тиіс тұрғындардың 52,4 пайызы вакцина алды


Батыс Қазақстан облысында екпе алуы тиіс тұрғындардың 52,4 пайызы вакцина алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткеніндей, өңірде тұрғындар саны 661 162 болса, соның 360 мыңы екпе алуы керек.

Қазіргі таңда соның 188 678-і (52,4 пайызы) вакцинаның бірінші, 146 584-і (40,7 пайызы) екінші компонентімен егіліп үлгерді.

Департамент мәліметіне қарағанда, вакциналау көрсеткіші жөнінен Жәнібек ауданы алда келеді. Мұнда 8 285 тұрғынның 5 561-і немесе 67,1 пайызы бірінші, 4 829-ы (58,3 пайызы) екінші компонентті қабылдады. Сондай-ақ Тасқалада 9 066 тұрғынның 5 643-і (62,2 пайызы) вакцинаның бірінші, 4 666-сы (51,5 пайызы) екінші компонентімен егілді. Қаратөбеде 7 538 тұрғынның 4 018-і (53,3 пайызы) екпенің бірінші, 3228-і (42,8 пайызы) екінші компонентін алды.

Қалған аудандар мен Орал қаласы 50 пайыздан аса алған жоқ. Облыс орталығында егілуі керек 215 461 адамның 100 476-сы (46,6 пайызы) бірінші, 77 070-і (35,8 пайызы) екінші компонентпен егілген. 

Ең төменгі көрсеткіштер Бөкей ордасы (бірінші компонентпен – 44,9 пайыз), Шыңғырлау (44,2 пайыз) және Жаңақала (38,5 пайыз) аудандарында.