Фото: ckrs.ru
Қазіргі басқару ісі – тек бұйрық беріп, тапсырма орындату емес, адамды түсіну, ішкі күйін сезіну, бір мақсатқа жұмылдыра білу. Сол себепті соңғы жылдары ғылым мен тәжірибе тоғысқан жаңа ұғым жиі айтылады, ол – басқару психологиясы. Бұл ұғым – жай ғана теория емес, адаммен жұмыс істеудің ең нәзік тетігі. Басқару психологиясы бізге «адамды қалай басқаруды емес, қалай түсіну керегін» көрсетеді.
Басшының күші – бұйрықта емес, түсінікте
Кез келген ұйымның, мекеменің, тіпті шағын ұжымның табысты болуы – ондағы адамдардың көңіл күйі мен бір-біріне деген сеніміне байланысты. Басшы мен қызметкер арасындағы қарым-қатынас психологиялық тұрғыдан дұрыс құрылмаса, ешқандай стратегия нәтиже бермейді. Адам – еңбек күші ғана емес, ол – сезім, ой, ниет, мінез иесі. Сондықтан нағыз басшы болу үшін, ең алдымен, адам жанының тереңдігін ұғу қажет.
Америкалық зерттеуші Дэниел Големан айтқандай, «Эмоциялық интеллектісі жоғары адам ғана нағыз көшбасшы бола алады» (Goleman, 1995). Яғни адамның жүрегіне жол таба алмасаң, білім мен тәжірибеден пайда жоқ деген сөз.
Басқару психологиясы – адам мінезін зерттеп, ұжымдық ортадағы мінез-құлық заңдылықтарын түсіндіретін ғылым. Ол басшыға ұйымдастыруды ғана емес, адамның ішкі дүниесін сезінуді үйретеді.
Кейде қызметкердің өнімділігі төмендеп кетеді, кейде ұжымда түсінбеушілік пайда болады. Мұндай жағдайда «тәртіп бұздың» деп айыптау оңай, бірақ мәселе адамның ішкі талпынысында, көңіл күйінде, қарым-қатынасында болуы мүмкін. Міне, осы сәтте басқару психологиясына жүгінеміз.
Психологиялық тұрғыда сауатты басшы конфликтіні жазғыру емес, түсіну арқылы шешеді. Себебі әр дау мен келіспеушіліктің артында адамның «unmet» (қанағаттанбаған) қажеттілігі жатыр.
Қазір көп басшы техникалық немесе экономикалық білімге көбірек мән береді. Ал адам жанына үңілуді екінші орынға ысырып қойғандай. Бірақ, уақыт көрсеткендей, ең табысты ұйымдар – қызметкерлерін тыңдап, құрметтейтін мекемелер.
Психологиялық тұрғыдан дұрыс құрылған басқару жүйесі сенім мен адалдыққа сүйенеді. Ондай ұжымда адам өзін жай ғана қызметкер емес, ортақ істің маңызды бөлігі екенін сезінеді. Қазақстандық ғалым К.Ахметов «Басқару психологиясы ұжымдағы тұлғалық қатынастарды реттеудің ең тиімді тетігі» деп жазған. Бұл сөздің астарында үлкен өмір шындығы жатыр.
Қазақы болмыс пен психологиялық мәдениет
Қазақ халқы ежелден адамды психологиялық тұрғыдан терең түсінген. Біздің билеріміз «айтқанды істетудің» емес, «жүректен өткізудің» жолын білген. Бір ауыз сөзбен араздасқанды татуластырып, дауласқанды жарастырған.
Ал қазіргі менеджмент пен көшбасшылық теорияларындағы көп ұғым біздің дәстүрімізде бұрыннан бар: сенім, сыйластық, әділдік, ынтымақ, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық. Міне, басқару психологиясы – осы рухани құндылықтарды заманауи тілмен қайта «тірілту» іспетті.
Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде магистранттарға оқытылатын «Басқару психологиясы» пәні – болашақ мамандардың кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталған маңызды курс. Бұл пән студентке тек басқару әдістерін ғана емес, адаммен қарым-қатынас орнатудың мәдениетін де үйретеді. Цифрлық қазақ тілі мамандығында оқи отырып, осы пәннің маңызын терең сезіндім. Себебі тіл мен психология – екеуі де адамды түсінудің екі қыры. Цифрлық дәуірде де адам факторы басты орында қала береді, ал тиімді коммуникация мен психологиялық ахуал – басқарудың негізі.
Басқару психологиясы арқылы біз ұжымдағы өзара әрекеттестікті, эмоциялық интеллектіні, тіл мен мінездің байланысын түсінеміз. Бұл – болашақта цифрлық контентті де, адамдар арасындағы диалогті де сапалы ұйымдастыруға көмектесетін білім.
Қорыта айтқанда, басқару психологиясы – ғылымнан гөрі адамға деген көзқарас мәдениеті.
Ол «басшы – бұйрық беруші, қызметкер – орындаушы» деген ескі түсінікті бұзады.
Нағыз басқару – адам арқылы нәтижеге жету, ал адамды түсінбей нәтижеге жету мүмкін емес. Бүгінгі қоғамда психологиялық сауатты басшы – елдің, ұйымның, ұжымның тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Өйткені басқару дегеніміз – техника емес, ең алдымен, жүрек пен сананың үйлесімі.
Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы, психология ғылымдарының кандидаты, профессор
Адилова Э.Т.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы,
PHD, доцент м.а.
Мөлдір Ғабитқызы,
ҚазҰУ цифрлық қазақ тілі мамандығының 1-курс магистранты