Қарағанды облысындағы жаңа қуат көздері, газдандыру және жылу: Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі негізгі жобалармен танысты

Қарағанды облысындағы жаңа қуат көздері, газдандыру және жылу: Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі негізгі жобалармен танысты

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, негізгі міндеттердің орындалу барысын тексеріп, өңірдегі ірі индустриялық және энергетикалық жобалардың дамуымен танысты. Негізгі назар өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғыртуға, жылу беру маусымына дайындыққа, жылу энергетикасын дамыту мен газдандыру мәселелеріне аударылды.

Теміртауда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Qarmet металлургиялық комбинатында болып, өндірістік үдерістермен және кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасымен танысты.

«Домна пештерін табиғи газға көшіру мазутты пайдаланудан толық бас тартуға, агрегат жұмысының тұрақтылығын арттыруға және қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік берді», — деді Qarmet Corporation басқарма төрағасы Петр Трушин.

Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаевқа комбинаттағы жаңа өндірістік нысандар құрылысының барысы баяндалды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 3,8 млн тонна болат өндірген. «5–9–5» стратегиясы аясында компания 2028 жылға қарай болат өндірісін 5 млн тоннаға, көмір өндірісін 9 млн тоннаға және темір кені концентратын 5 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Сапардың жеке бір бөлігі 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық пен Теміртау және Қарағанды қалаларындағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналды.

«Алдағы жылу беру маусымында ешқандай мәселе болмауы тиіс. 1 қыркүйекке дейін барлық нысандардың дайындық паспорттары алынуы қажет. Жылу маусымы кезінде ешқандай іркіліске жол берілмеуі керек», — деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.

Вице-премьер сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-3-тегі жөндеу науқанының барысымен және станцияны кеңейту жобасымен танысты. Жаңа энергия блогы электр қуатын 140 МВт-қа, ал жылу қуатын сағатына 180 Гкал-ға арттыруға мүмкіндік береді.

«ЖЭО-3-ті кеңейту — өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жұмыстар аяқталғаннан кейін қосымша қуат резерві құрылып, 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етіледі», — деді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.

Сапар барысында Қарағандыны газдандыру мәселелері де қаралды. Биыл жобаның бірінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.

«Бірінші кезең аясында газ 10 мыңнан астам абонентке жеткізіледі. Бұл жұмыстар аяқталған соң екінші кезеңге — Пришахтинск, Майқұдық және Сортировка аудандарына көшеміз», — деп баяндады Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожықов.

Өңірдің индустриялық дамуы аясында Нұрлыбек Нәлібаев өңдеу өнеркәсібіндегі бірқатар кәсіпорындарды аралады.

«ТЭМПО Қазақстан» зауытында оған болаттан тік жікті құбырлар шығаратын жаңа өндірістік желі таныстырылды. Диаметрі 630 мм құбырларды күйдіру мен шынықтырудың ерекше технологиясы өнімді −60-тан +60 градусқа дейінгі температурада пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстанда мұндай өндірістің баламасы жоқ.

Silk Road Electronics кәсіпорнында вице-премьер тұрмыстық техника өндірісімен және локализация бағдарламасымен танысты. Қазір зауытта кір жуғыш машиналар, шаңсорғыштар, бойлерлер, асүй плиталары, теледидарлар мен ауа тартқыштар шығарылады.

«Қазіргі уақытта кәсіпорында шамамен 300 адам жұмыс істейді. Жылына 1 миллион дана өнім шығаратын толық қуатқа шыққаннан кейін қызметкерлер саны 800 адамға дейін артады», — деді компанияның операциялық директоры Талғат Әбдірахманов.