Ақтөбе облысында радикалды идея таратқан бұрынғы педагог сотталды

Ақтөбе облысында радикалды идея таратқан бұрынғы педагог сотталды
Әскерден қалдырамын деген уәде: дәрігер 3,5 жылға сотталды

Ақтөбе облысында бұрын колледжде оқытушы болған 38 жастағы ер адам діни алауыздық қоздыру және терроризмді насихаттау баптары бойынша сотталды. Сот оны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды ult.kz.

Белгілі болғандай, ер адам бұрын физика мен математика пәндерінен сабақ берген, сондай-ақ Атырау политехникалық колледжінде оқытушы қызметін атқарған. Соңғы жылдары ол Мәртөк ауданында тұрған.

Тергеу деректеріне сәйкес, ол діни тақырыптағы пікірлерін ресми діни орындарда емес, құрылыс нысандарының бірінде айтып, жергілікті тұрғындармен сөйлескен. Арнайы діни білімі болмаса да, исламды өз түсінігі бойынша түсіндіруге тырысқан.

Алайда оның көзқарастары уақыт өте радикалды сипат алып, өзге дін өкілдеріне қарсы зорлықты ақтайтын мазмұнға ауысқан. Сондай-ақ ол қарулы діни топтар құру идеясын алға тартып, зорлық-зомбылық әрекеттерін қолдайтын пікірлер білдіргені айтылды.

Сот материалдарына сәйкес, оның түсінігінде христиандар, буддистер, шииттер мен сопылық бағыт өкілдері «қарсы тарап» ретінде қарастырылған.

Сот барысында айыпталушы радикалды идеялардың ықпалында болғанын мойындап, кінәсін толық мойындаған және үкімге шағымданбайтынын айтқан. Сонымен бірге төрт баласы бар екенін алға тартып, жеңіл жаза сұраған.

Сот оны ҚР ҚК 174-бабы 1-бөлігі және 256-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Айыпталушының айтуынша, діни қызығушылығы намаз оқитын студенттердің әсерінен басталып, кейін интернет арқылы түрлі материалдарды қарап жүрген.