Балқаш көлінде қауіпті маневр жасаған жүргізуші 10 тәулікке қамалды

Балқаш көлінде қауіпті маневр жасаған жүргізуші 10 тәулікке қамалды
Polisia.kz

Балқаш көлінің жағалауында демалушылардың өміріне қауіп төндірген жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, полиция қызметкерлері Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасқан Балқаш көлінің жағалауында Mercedes-Benz автокөлігін су жиегімен жүргізіп, тіпті суға кіргізген 40 жастағы ер адамды анықтады. Ол кезде жағалауда және суда ересектер мен жас балалар шомылып жүрген.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жүргізуші өз әрекетімен айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген. Оның Тараз қаласының тұрғыны Нұрлан Исаев екені анықталды.

Сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Ал оның автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды.

Полиция жаппай демалыс орындарында азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген әрекетке қатаң құқықтық баға берілетінін ескертті.

«Демалыс орындары қауіпті ойын-сауық жасайтын жер емес. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген заң бұзушылықтың жолы кесіліп, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады», – деп мәлімдеді ведомство.