Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Балалы болса екен деп тілеймін": Жанар Айжанова бұрынғы күйеуі туралы сыр ашты

"Балалы болса екен деп тілеймін": Жанар Айжанова бұрынғы күйеуі туралы сыр ашты
Фото-коллаж: ult.kz

Белгілі әнші, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанар Айжанова екінші күйеуімен екі жаққа кетуіне не себеп болғанын айтып, жеке өміріне қатысты сыр бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі "Мамский әңгіме" подкастына берген сұхбатында 20 жыл отасқан жұбайымен ажырасу туралы шешімге қалай келгенін әңгімеледі. Оның айтуынша, екеуінің арасында ортақ бала болмаған. Бұл жағдай әншіні ұзақ уақыт ойландырып, ақырында некесін бұзуға себеп болған.

Жанар Айжанова қызы Айжұлдыз дүниеге келгеннен кейін тағы да перзент сүйіп, оның бауыры болғанын армандағанын айтты. Алайда екінші рет тұрмыс құрғанымен, бұл тілегі орындалмаған.

"Айжұлдыздан кейін артынан сіңлісі не інісі болса екен деп тіледім. Жалғыз болмаса екен деп ойладым. Кейін тұрмысқа шықтым, бірақ бұйырмады. Екінші күйеуіммен 20 жыл бірге тұрдық", – деді әнші.

Актрисаның сөзінше, ажырасу туралы ой бір күнде пайда болмаған. Ол бұл мәселені көптен бері ой елегінен өткізіп жүрген. Ал қызы Айжұлдыз тұрмысқа шыққан соң, өз өміріне қатысты маңызды шешім қабылдаған.

"Біраздан бері солай ойлап жүргенмін. Арамызда бала болмады. Әдетте кінәні әйелден іздейміз ғой. Сондықтан оның обалына қалмайын деп, бір күнде шешім қабылдап, екі жаққа кеттік", – деді өнер иесі.

Жанар Айжанова бұрынғы күйеуінің өзіне дейін шаңырақ көтермегенін де жасырмады. Сондықтан оның әке атануына кедергі болғысы келмеген. Әнші ортақ балалары болмағаны үшін айналасындағылардың өзін кінәлағанын да еске алды. Дегенмен өнер иесі бұрынғы жарына еш өкпесі жоқ екенін, керісінше, оның отбасын құрып, балалы болғанын шын жүректен қалайтынын жеткізді.

"Екінің бірі менен көрді. Көрсе, көре берсін. Мен әлі күнге дейін сол кісі балалы болса екен деп тілеймін. Біреуге қастық ойлап, жақсылыққа жетпейсің. Ол – өте жақсы азамат. Бәрі Алланың қолында. Бізге ортақ бала бұйырмады, ал мен оның обалына қалғым келмеді", – деді актриса.

Әнші ажырасқаннан кейін бұрынғы күйеуімен арадағы сыйластықтың жоғалмағанын да айтты. Қазір екеуі бұрынғыдай араласпағанымен, қажет кезде хабарласып тұрады.

"Бүгінде араласпаймыз, бірақ сәлеміміз түзу. Жақында бір шаруаға байланысты сөйлестік. Онда тұрған не бар? Ересек адамдармыз", – деп түйіндеді Жанар Айжанова.