Ақмола облысында жыл бойы жұмыс істейтін тілдік лагерьде демалып жүрген бірнеше бала тағамнан улану белгілерімен ауруханаға түсті. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, лагерьде тексеру басталды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1 шілде күні Біржан сал аудандық ауруханасына алты бала жеткізілген. Дәрігерлік тексеруден кейін олардың екеуі амбулаториялық ем алуға жіберілсе, қалған төрт қыз облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған. Олардың екеуі – 8 жаста, қалған екеуі – 12 жаста.
Балаларда құсу, дене қызуының көтерілуі және іш өту белгілері байқалған. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта барлық науқастың жағдайы тұрақты, ем қабылдап жатыр. Мамандар бактериологиялық зерттеу нәтижелерін күтіп отыр. Балалардың жағдайына қарай тамақтану тәртібі де біртіндеп қалпына келтірілуде.
Оқиғаға байланысты санитариялық-эпидемиологиялық қызмет эпидемиологиялық тексеру жүргізуде. Мамандар дайын тағамнан, ауыз судан және лагерь аумағындағы түрлі беттерден сынамалар алып, қызметкерлерді ішек инфекцияларын тасымалдаушылыққа тексеріп жатыр.
Жаппай улану дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта лагерьде жан-жақты тексеру жалғасуда.