Балабақша кезегі сатылмайды: министрлік ата-аналарды алаяқтарға алданбауға шақырды

Балабақша кезегі сатылмайды: министрлік ата-аналарды алаяқтарға алданбауға шақырды
aikyn.kz

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ата-аналарға баласын балабақшаға кезексіз орналастырып беруді уәде ететін заңсыз жарнамалар көбейген. Алайда Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мұндай ұсыныстардың толықтай алаяқтық екенін айтып, халықты сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Мәжілісте өткен брифингте ол елімізде балабақшаға кезек жүйесі толық цифрландырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйеге сырттан араласу немесе кезекті қолдан «жылдамдату» мүмкін емес.

– Баланы балабақшаға орналастыру тек ата-ананың өз деректері арқылы жүзеге асады. Өтініш ЖСН мен ЭЦҚ арқылы беріледі, сондықтан бөгде адамдардың араласуына жол жоқ. Мұндай заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылған, – деді вице-министр.

Ведомство өкілі әлеуметтік желілерде тараған «кезексіз орын алып беру» туралы хабарламаларға сенбеуге шақырды. Оның айтуынша, барлық процесс тек ресми электронды платформа арқылы және белгіленген кезек тәртібімен жүргізіледі.

– Ата-аналарға айтарымыз – мұндай ұсыныстарға алданбаңыздар. Барлығы жүйе бойынша, өз кезегімен шешіледі. Өтінішті жеке кабинет арқылы өздеріңіз беріп, кезектеріңізді күту қажет, – деді Шынар Ақпарова.

Айта кетейік, елімізде мектепке дейінгі білім беруді жан басына шаққандағы ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылған.