Байқоңырда бойжеткен әкесін сотқа беріп, 21 жасына дейін алимент өндіріп алды

Байқоңырда бойжеткен әкесін сотқа беріп, 21 жасына дейін алимент өндіріп алды
Polisia.kz

Байқоңыр қаласының тұрғыны әкесінен 21 жасқа дейін алимент өндіруді талап етіп, сотқа жүгінді, деп хабарлайды ult.kz.

Қыз сотқа берген талап арызында жауапкер Ж.-ның өз әкесі екенін көрсеткен. Қазіргі уақытта ол күндізгі бөлімде білім алып жатқандықтан, материалдық көмекке мұқтаж екенін айтқан.

Осыған байланысты әкесімен алимент төлеу туралы келісім болмағанын алға тартып, ай сайын 25 АЕК (108 125 теңге) мөлшерінде алимент өндіруді және оны 21 жасқа толғанға дейін төлеуді сұраған.

Істі қарау барысында Байқоңыр қалалық соты тараптарға дауды татуласу рәсімдері арқылы шешу мүмкіндігін түсіндірген.

Нәтижесінде әкесі мен қызы дауды партисипативтік тәртіппен реттеуге келіскен.

Келісім шарттарына сәйкес, жауапкер қызы 21 жасқа толғанға дейін оған келісімде көрсетілген мөлшерде ай сайын алимент төлеп тұруға міндеттелген.

Сот бұл келісімді бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында кәмелетке толған бойжеткен де әкесін сотқа беріп, университетте оқу кезеңіне алимент төлеуді талап еткен.