Туризм және спорт министрлігі Байқоңыр ғарыш айлағы кешенінің туристік әлеуетін дамыту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осы мақсатта ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасымен Байқоңырда туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, құжат халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті туристік өнім қалыптастырып, саланың тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған.
Тұжырымдама аясында шетелдік туристер үшін рұқсат алу рәсімдері жеңілдетілді. Қазір қажетті құжаттарды рәсімдеу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылған. Бұл шетелдік қонақтардың Байқоңырға келуін жеңілдетіп, ғарыш аппараттарының ұшырылымдарын тамашалауға арналған туристік бағдарламалардың дамуына серпін бермек.
Сонымен қатар Қазақстанның қарамағына бірқатар маңызды нысандардың берілуі жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Олардың қатарында Гагарин ұшу алаңы, монтаждау-жанармай құю кешені және динамикалық сынақтар стенді бар.
Мамандардың айтуынша, бұл нысандар ғылымға, технологияға және ғарыш тарихына қызығатын туристер үшін ерекше қызығушылық тудырады. Болашақта олар әлемнің әр түкпірінен келетін саяхатшылардың маңызды тартымдылық орталығына айналуы мүмкін.
Қазіргі уақытта аталған нысандарды жаңғыртуға және заманауи туристік инфрақұрылым құруға мүдделі инвесторларға арналған инвестициялық ұсыныстар әзірленген.
Сондай-ақ министрлік ұшырылымдар арасындағы кезеңде оқиғалы туризмді дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл бастама жыл бойы тұрақты туристік ағын қалыптастырып, кешеннің қолданыстағы инфрақұрылымын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Ведомствоның пікірінше, Байқоңырды әлемдік деңгейдегі туристік орталыққа айналдыру Қазақстанның туристік саласын әртараптандыруға, халықаралық туристік нарықтағы позициясын нығайтуға және елдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.