Freedom Inside '26

Баянауылда орманға қауіп төндірген дала өрті толық сөндірілді

Баянауылда орманға қауіп төндірген дала өрті толық сөндірілді
ашық дереккөз

2026 жылғы 22 маусымда Павлодар облысындағы «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Далба бөлімшесіне жақын аумақта тіркелген дала өрті толық сөндірілді, деп хабарлайды ult.kz.

Өрт бастапқыда Долбай орманшылығы аумағында тіркеліп, мемлекеттік орман қоры жерлеріне таралу қаупін тудырған. Оқиға туралы хабар түскеннен кейін өрт ошағына ұлттық парк қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК мамандары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жедел жұмылдырылды.

Өрт жағдайын бақылау және сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін авиациялық өртке қарсы қызметі бар ЕС-130 тікұшағы тартылды. Сонымен қатар, су төгу құрылғысымен жабдықталған ҚР ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағы да өртті ауыздықтау жұмыстарына қатысты.

Ресми мәліметке сәйкес, өрт 22 маусым күні сағат 22:17-де толық сөндірілген. Жедел және үйлесімді әрекеттердің арқасында тілсіз жаудың мемлекеттік орман қоры аумағына таралуына жол берілмеді.

Мамандардың айтуынша, өрт салдарынан орман қоры жерлеріне зиян келмеген және материалдық шығынның алдын алу мүмкін болған.

Осыған байланысты құзырлы органдар өрт қауіптілігі жоғары кезеңде азаматтарды табиғи аумақтарда от жақпауға, ашық отты пайдаланбауға және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.