«Ұмайға» талас: 9 млрд теңге бір күнде игерілді

«Ұмайға» талас: 9 млрд теңге бір күнде игерілді
kn.kz

«Ұмай» тұрғын үй бағдарламасына 855 адамнан өтініш қабылданды. Барлық қатысушы ипотекалық несие алуға алдын ала мақұлдау алған, деп хабарлайды ult.kz.

«Отбасы банкінің» мәліметінше, бағдарлама аясындағы ипотеканың орташа сомасы 23,4 млн теңгені құрады.

Өтінім қабылдау 31 тамыз күні сағат 09:00-де басталған. Жоғары сұранысқа байланысты алғашқы транштың 9 млрд теңгелік лимиті сол күні сағат 16:00-де толық игерілген. Енді мақұлданған қатысушылар баспана таңдап, несиені рәсімдей алады.

Бағдарламаға қатысушылардың жасы 18 бен 63 жас аралығында. Қатысушылардың орташа жасы – 39 жас.

«Ұмай» бағдарламасын қаржыландыруды Азия даму банкі ұсынған.

Сұраныстың жоғары болуына байланысты «Отбасы банкі» екінші траншты мерзімінен бұрын бөлу туралы Азия даму банкіне өтініш жолдады.

Өтінім қабылдау қашан қайта басталатыны туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.