Астанада бұрын жұмыс істеген құрылыс нысанынан мыс кабель ұрлады деген күдікпен 26 жастағы қала тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру дерегіне қатысы бар күдікті анықталған.
Тергеу барысында ер адамның бұрын жұмыс істеген нысан аумағына еш кедергісіз кіріп, ешкімге байқатпай «ВВГ 3х2,5» маркалы мыс кабельді жасырын алып шыққаны анықталды.
Жәбірленушінің арызынан кейін полицейлер кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын қысқа уақытта анықтаған. Ол ұсталып, Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарға құрылыс материалдарын, кабель өнімдерін және өзге де бағалы мүлікті қараусыз қалдырмауға кеңес берді. Ведомствоның мәліметінше, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау мүліктік қылмыстардың алдын алуға көмектеседі. Заңсыз әрекет жасаған әрбір адам заң алдында жауап беретіні де ескертілді.