Астанада Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Есіл өзеніне түскен 41 жастағы әйелді аман алып қалды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 30 шілдеде Сарыарқа ауданындағы Есіл өзенінің акваториясын патрульдеу кезінде болған. Құтқарушылар ағынды бөгет маңында суға түскен әйелді байқап, бірден көмекке кіріскен.
Жедел әрекеттің нәтижесінде 1985 жылы туған әйел судан шығарылып, жағаға аман-есен жеткізілді.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін әйел полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Ведомствоның ескертуінше, мас күйде суға түспеу, өз мүмкіндігіңізді дұрыс бағалау, құтқарушылардың талаптарын орындау, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау және тек арнайы жабдықталған, рұқсат етілген орындарда ғана шомылу қажет.
Егер адам қатты күйзелісте болып, өзіне немесе өміріне қатысты қауіп төнгендей сезінсе, мұндай жағдайда жақындарына, сенімді адамдарға немесе психологиялық көмек көрсететін мамандарға дереу жүгінген жөн. Уақытылы қолдау алу маңызды.