Қазақстан астанасында екі күнге созылған Astana FIDA Drone Soccer Open Cup 2026 халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Жарысқа Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген 20-ға жуық команда, сондай-ақ Түркиядан келген команда қатысты.
Турнир Drone Soccer Class 20 санатында өтті. Екі күнге созылған жарыс барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, шапшаңдықты, дрондарды дәл басқару шеберлігін, командалық үйлесімділік пен тактикалық ойлау қабілетін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
I орын — «Surprise» командасы, Астана қаласы, II орын — «SkyWings» командасы, Ақтөбе қаласы, III орын — «Qara Steed» командасы, Астана қаласы.
Astana FIDA Drone Soccer Open Cup 2026 Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген командалар мен шетелдік қатысушылардың басын қосып, тәжірибе алмасуына және дрон-футболды кеңінен насихаттауға мүмкіндік берген алаңға айналды.
Турнирдің халықаралық мәртебесі дрон-футболға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және оның спорт пен инженерлік-техникалық білім беруді дамытудағы әлеуетін көрсетеді.
Жарысты өткізу Қазақстанда дрон-футболды дамытуға, жас пилоттарды даярлауға, ұшқышсыз технологияларды басқару дағдыларын жетілдіруге және осы бағыттағы кәсіби қауымдастықты қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.



