Астанада бір жасар бала ауруханада туберкулез жұқтырды деген күдік: тексеріс басталды

Астанада бір жасар бала ауруханада туберкулез жұқтырды деген күдік: тексеріс басталды
pixabay.com

Астана тұрғыны бір жасар баласына елордадағы №1 көпбейінді балалар ауруханасында ем қабылдап жүрген кезде туберкулез жұққанын мәлімдеді. Оның айтуынша, инфекцияның көзі – туберкулездің ашық түрімен ауырған мейіргер болуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.

Sputnik Қазақстан жазуынша, баланың әкесі сәби сәуір айында екіжақты ауыр пневмония диагнозымен ауруханаға түсіп, бір апта ем алғаннан кейін үйіне шығарылғанын айтқан. Арада біраз уақыт өткен соң аталған медициналық мекеменің бір мейіргерінен туберкулездің ашық түрі анықталған.

Осыған байланысты ауруханада емделген балалар қосымша тексеруден өткізілген. Нәтижесінде сәбидің өкпесінен дақ анықталып, бастапқыда екі апта ем қабылдаған. Кейінгі тексерулерден соң оған туберкулез диагнозы қойылған. Қазір бала анасымен бірге арнайы диспансерде ем алып жатыр.

Баланың ата-анасы бұл іске қатысты заңгерлердің көмегіне жүгінетіндерін мәлімдеді.

Ал Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аталған дерек бойынша қызметтік тексеру басталғанын хабарлады.

«Баланың туберкулезге шалдығуына байланысты мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының штаттан тыс бас мамандары – педиатр, фтизиатр, пульмонолог, сондай-ақ сәулелік және функционалдық диагностика саласының маманы енгізілді», – делінген басқарманың хабарламасында.

Сондай-ақ комиссия жұмысына Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы мен Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тартылған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.