Астанада ауқымды Спартакиада басталды: 1 400-ден астам қатысушы мен 14 спорт түрі

Астанада ауқымды Спартакиада басталды: 1 400-ден астам қатысушы мен 14 спорт түрі
Самұрық-Қазына

8–10 тамыз аралығында Астанада XI Спартакиада өтіп жатыр. Оған Қазақстанның әр өңірінен 1 400-ден астам қатысушы жиналды. Ауқымды спорттық шара «Самұрық-Қазына» қорының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Биыл жарыстарға көлік, энергетика, мұнай-газ және басқа да стратегиялық маңызды салалар бойынша қор мен оның портфельдік компанияларында еңбек ететін мамандардан құралған 14 команда қатысады.

Ауқымды спорттық додада Қазақстанның әр өңірінен келген 1 400-ден астам қызметкер бақ сынасады. Олардың басым бөлігі - өндірістік мамандық иелері.

Бағдарламаға спорттың 14 түрі енгізілген. Олардың қатарында волейбол, баскетбол, футзал, жүзу, үстел теннисі, шахмат сияқты топтық және жеке жарыстармен қатар, садақ ату, арқан тарту, т.б. секілді ұлттық спорт түрлері бар.

«Қор үшін спортты дамыту – корпоративтік мәдениеттің ажырамас бөлігі әрі топтың әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бағыттарының бірі. Біз спорт инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салу арқылы бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдаймыз, қызметкерлеріміз бен ел тұрғындары үшін салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасаймыз. Ел бойынша «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен 19 спорт кешені ашылды, биыл 9 өңірде тағы 11 спорт кешенінің құрылысы басталды», – деді XI Спартакиаданың ашылу рәсімінде «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов.

XI Спартакиада аясында «Таза Қазақстан – Таза Спарта» экологиялық акциясы да өтіп жатыр. Науқан барысында қатысушылар қайта өңдеу үшін пластик бөтелкелерді тапсырады. Ал жарыс қорытындысы бойынша экологиялық ең жауапты командаға арнайы марапат табысталады.