28 тамызда Астанада Астана халықаралық университеті базасындағы Бейжің тіл және мәдениет университеті (BLCU) филиалының аумағында «әл-Фараби мен Конфуций: Ұлы ойшылдар сұхбаты» мүсіндік композициясының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер туындысын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев университет филиалына арнайы тарту еткен.
Мүсіндік композиция Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және білім беру байланыстарының, сондай-ақ екі ел халықтарының рухани сабақтастығының символы саналады. Оның авторы – әлемге танымал қытайлық мүсінші, Қытайдың Ұлттық көркемөнер мұражайының директоры У Вэйшань.

Фото: Астана халықаралық университеті баспасөз қызметінен
Салтанатты рәсімде мүсіншінің хаты оқылды. У Вэйшань өз хатында әл-Фараби мен Конфуцийдің рухани мұрасын тоғыстыратын туындының Қазақстандағы BLCU филиалына орнатылуын Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік достықтың символы деп атаған.
«Конфуций гуманизмді тіршіліктің негізі етіп, ізгілікке негізделген қоғам құруға үндесе, әл-Фараби ақиқат пен білім арқылы ізгі қоғам қалыптастыруды көздеді. Олардың идеялары адамзат өркениетінің дамуына зор үлес қосты. Бұл ескерткіш жас студенттерге рухани өнеге болып, адамзатқа ортақ құндылықтарды нығайтуға қызмет етеді деп сенемін», – деді мүсінші.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, Астана халықаралық университеті президенті Серік Ирсалиев пен BLCU басшылары және оқытушылары, Қоғамдық кеңес төрағасы Бейбіт Мамраев, сондай-ақ ҚР Президенті Іс басқармасының өкілдері, Құрылтай депутаттары, «Халық» қорының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мүсіндік композицияның жамылғысын Саясат Нұрбек пен Хань Чуньлинь салтанатты түрде ашты.

Фото: Астана халықаралық университеті баспасөз қызметінен

Фото: Астана халықаралық университеті баспасөз қызметінен
Өз сөзінде ҚХР елшісі Хань Чуньлинь мүсінді Қытай мен Қазақстан өркениеттерінің өзара байытылуының және адамзат даналығының рухани тоғысуының символы деп бағалады. Оның айтуынша, Конфуций мен әл-Фарабиді ғасырлар бөліп тұрғанымен, олардың білімге, адамгершілікке және қоғамның үйлесімді дамуына деген көзқарастарында ортақ үндестік бар.
«Екі ойшыл да білім берудің адам санасын ағартуға, тұлғаны қалыптастыруға және қоғамды жетілдіруге қабілетті негізгі күш екеніне сенген», – деді елші.

Фото: Астана халықаралық университеті баспасөз қызметінен
Ол сондай-ақ Қытай мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда екі ел жастары студенттер алмасуы, ғылыми зерттеулер және бірлескен білім беру бағдарламалары арқылы өзара тәжірибе алмасып, бірге дамып келеді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы болып сайланған алғашқы кезеңнен бастап елдегі ғылым-білімнің дамуына, адами капиталдың нығаюына жүйелі шешімдер қабылдап келеді. Сол шешімдердің бірі – Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу болды.

Фото: Астана халықаралық университеті баспасөз қызметінен
Министрдің сөзінше соңғы бес жылдың ішінде Қазақстанда қырыққа жуық мықты зерттеуші шетелдік университеттердің филиалдары ашылды. Солардың ішінде осыдан екі жыл бұрын өз есігін ашқан Бейжің Тіл және Мәдениет университетінің филиалы болды.
«Осы филиалдардың арқасында қазір Қазақстанда 37 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. Бұл біз үшін тарихи көрсеткіш. Соның ішінде биыл 3,5 мыңға жуық Қытай азаматы Қазақстанға келіп білім алуға шешім қабылдады. Мұндай бұрын болмаған», – деді Саясат Нұрбек.

Фото: Астана халықаралық университеті баспасөз қызметінен
Астана халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев те білім мен мәдениеттің өзара байланысына тоқталды. Оның айтуынша, университетте шетелдік студенттермен қатар қытай тілін оқып жүрген жастар да көп. Олар білімдерін растау кезінде жоғары нәтижелер көрсетіп, тіл меңгеру деңгейін дәлелдеп келеді.
«Қытайдан келген қонақтарымыз да тек тілді білу жеткіліксіз екенін түсінеді. Мәдени ерекшеліктерді түсіну және әрі қарай даму аса маңызды», – деді Серік Ирсалиев.
Мүсіндік композицияның ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Фото: Астана халықаралық университеті баспасөз қызметінен
Шарада қонақтар іс-шара аясында ұйымдастырылған арнайы бағдарламаларды тамашалап, сонымен бірге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мен ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь өзара сый-сияпат тарту етісті.

Фото: Астана халықаралық университеті баспасөз қызметінен

Фото: Астана халықаралық университеті баспасөз қызметінен