Астанада ағза трансплантациясы мәселесіне арналған «4739» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. «Хабар» агенттігі түсірген туынды трансплантолог дәрігерлердің еңбегі, донорлықтың маңызы және өмірлік маңызды ота күтіп жүрген науқастардың тағдыры туралы баяндайды, деп хабарлайды ult.kz.
Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, реципиенттер мен олардың жақындары, сондай-ақ фильмнің авторлары мен кейіпкерлері қатысты.
Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы елдің басты құндылықтарының бірі екенін үнемі атап өтетінін айтты. Оның сөзінше, мемлекет азаматтардың өмірін сақтап қалуға бағытталған барлық медициналық мүмкіндікті, соның ішінде трансплантация жүйесін де дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.
Фильмнің атауы кездейсоқ таңдалмаған. Қазіргі таңда Қазақстанда 4739 адам ағза трансплантациясын күту тізімінде тұр. Олардың көпшілігі үшін бұл – өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы. Алайда жыл сайын 350-ден астам пациент қажетті донор табылмай, операцияға жете алмай қайтыс болады.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес жылда елімізде 1 500-ге жуық ағза трансплантациясы жасалған. Оның әрбір төртіншісі 2025 жылы орындалған. Өткен жылы ғана бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе трансплантациясы бойынша 310 операция өткізілді.
Балалар трансплантологиясы да қарқынды дамып келеді. Биыл Қазақстанда алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы сәтті жасалып, отандық жоғары технологиялық медицинаның жаңа кезеңі басталды.
Сонымен бірге, елімізде ағза трансплантацияларының шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жүзеге асады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.
Бүгінде электрондық үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз ұстанымын 172 283 адам білдірген. Оның ішінде 16 109 азамат келісім берсе, 156 174 адам бас тартқан.
24KZ телеарнасының журналисі Назерке Тоқжан мен режиссер Берік Шаров түсірген «4739» деректі фильмі пациенттер мен дәрігерлердің шынайы оқиғалары арқылы адам өмірінің құндылығы, донорлық мәдениеті және дер кезінде қабылданған шешімнің маңызын көрсетеді. Туынды көрерменге 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан ұсынылады.