Астана 2028 жылы УЕФА Суперкубогы үшін матч қабылдайды

Астана 2028 жылы УЕФА Суперкубогы үшін матч қабылдайды
ашық дереккөз

2028 жылы Астанада Еуропа футболындағы маңызды ойындардың бірі – УЕФА Суперкубогы өтеді. Бұл шешімді УЕФА Атқарушы комитеті қабылдады, деп хабарлайды ult.kz.

Матч «Астана Арена» стадионында ұйымдастырылады. Алаңда УЕФА Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары кездеседі.

Бұл Қазақстан футболы үшін тарихи оқиға болмақ. Ел алғаш рет осындай жоғары деңгейдегі еуропалық клубтық турнирдің шешуші матчын қабылдайды.

Суперкубокқа дейін «Астана Аренаны» жаңарту жоспарланып отыр. Стадион УЕФА-ның халықаралық матчтарды өткізуге қойылатын талаптарына сәйкестендірілмек.

Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, Астананың таңдалуы елдегі спорт инфрақұрылымын дамыту және УЕФА-мен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі.