Асель Қанай Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды

Асель Қанай Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды
ТСМ

Айчи–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Асель Қанай күміс жүлде иеленді, деп хабарлайды ult.kz.

61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз кумитэ бәсекесінің финалында Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионы және Ханчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы — қытайлық титулды спортшы Гун Лиге есе жіберді.

Асель финалға дейінгі тартысты бәсекелерде жоғары шеберлік танытты:

  • Ширек финал: Моңғолия спортшысы Маралжинго Пуревжавты 9:1 есебімен ойсырата жеңді.
  • Жартылай финал: Камбоджа өкілі Чакрия Ванннан 3:0 есебімен басым түсті.

Бұл күміс жүлде Асель Қанайдың Азия ойындарындағы жеке рекордын жаңартты. Осыған дейін Ханчжоуда қола жүлде еншілеген отандасымыз бұл жолы құрлықтық додада бір саты жоғары көтерілді. Айта кетейік, Асель — әлем чемпионатының қола жүлдегері әрі Азия чемпионы.

Осылайша, каратэ шеберлері ел қоржынына кезекті медальді салды. Бұған дейін құрама қоржынына Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева алтын жүлде сыйлаған болатын.