Ақтөбе облысында жанармай құю станциясы маңында жеңіл автокөліктің өртенуі салдарынан үш адам, оның ішінде екі бала қаза тапқан оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің «Жарылыс қаупі бар объектілердегі қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша тіркелген. Автогаз құю станциясының иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Еске салайық, 19 маусым күні Ақтөбедегі Бөгенбай батыр және Мақатаев көшелерінің қиылысында орналасқан автогаз құю станциясының маңында Honda автокөлігі өртенген болатын. Өрт сөндірілгеннен кейін көлік салонынан үш адамның, оның ішінде екі кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды. Тағы бір адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.