Ақтөбе облысында "Қарасора – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Ақтөбе қаласының 69 жастағы тұрғынына тиесілі саяжай учаскесін тексеру кезінде гүлзарға егілген 67 түп көкнәрді анықтап, тәркіледі.
Аталған дерек бойынша құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция өкілдері Қазақстан заңнамасына сәйкес құрамында есірткі немесе психотроптық заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге тыйым салынғанын еске салып, мұндай әрекеттер үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.