Ақтөбеде қоқыс маңынан табылған сәбиді жаңа отбасы асырап алды

Ақтөбеде қоқыс маңынан табылған сәбиді жаңа отбасы асырап алды
minber.kz

Ақтөбеде қоқыс маңынан табылған Батыр есімді сәби жаңа отбасын тапты. «Үміт» балалар үйінде небәрі бірнеше апта болған нәрестені асырап алуға өтініш құжаттары порталға орналастырылғаннан кейін бірден түскен, деп хабарлайды ult.kz.

Балалар үйінің бас дәрігері Серік Айтукиннің айтуынша, сәби 10 маусым күні мекемеге қабылданған. Осыдан кейін оның туу туралы куәлігі рәсімделіп, бала асырап алу порталына енгізілген.

– Өтініш білдірген азамат келіп, баламен танысты. Заңда көзделген рәсімдер толық аяқталған соң оның өтініші қанағаттандырылып, сәби өткен аптада жаңа отбасына берілді, – деді ол.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, сәбидің туған анасы әлі анықталған жоқ. Қазіргі уақытта оны іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салайық, биыл мамыр айында Ақтөбенің Тұрғындар қалашығы ауданындағы қоқыс маңынан жаңа туған нәресте табылған еді. Салмағы 2 келі 900 грамм болған сәби жедел жәрдем қызметкерлерінің көмегімен ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынған болатын.