Ақтөбеде өндірістік жарақат салдарынан қаза болған ер адамның отбасы үшін төленген 25 миллион теңгені анасы иемденіп, өз қажетіне жұмсаған, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 2021 жылы болған. Ақтөбелік ер адам өндірістік жарақат салдарынан қаза тапқан. Оның артында әйелі мен балалары қалған.
Жұмыс беруші марқұмның отбасына моральдық зиян үшін 25 миллион теңге өтемақы төлеген. Алайда кейін бұл қаражаттың марқұмның балалары мен жұбайына емес, оның анасына берілгені анықталған.
Ақтөбе облысының прокуратурасы мәліметінше, әйел аталған қаражатты иемденіп, өз қажетіне жұмсаған.
Осыған байланысты прокурорлар асыраушысынан айырылған отбасының мүддесін қорғау үшін сотқа талап арыз берген.
Сот талапты қанағаттандырып, әйелді марқұм ұлының балалары мен жұбайына 25 миллион теңгені қайтаруға міндеттеді.