Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында 14 жастағы мектеп оқушысы суға батып қайтыс болды, деп хабарлайды ult.kz.
Қайғылы оқиға 22 шілде күні кешке Аққұм ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 14 және 12 жастағы ағайынды екі бала ауылдан шамамен үш шақырым жерде мал бағып жүрген.
Осы кезде үлкені еріген қар суы жиналған, шомылуға тыйым салынған жыраға түскен. Алайда судан шыға алмай, бата бастаған. Оны құтқаруға тырысқан 12 жастағы інісі нәтиже шығара алмай, полицияға хабар берген.
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға туралы ақпарат полициядан түскен.
«Аққұм ауылы маңындағы су басқан аумақтан құтқарушылар кәмелетке толмаған баланың денесін алып шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім суға түсуге тыйым салынған жерде шомылып жатқанда батып кеткен», – деп хабарлады ведомство.
Әйтеке би ауданы әкімдігінің мәліметінше, марқұм толық отбасында тәрбиеленген, сегізінші сынып оқушысы болған.
Бұл – биылғы шомылу маусымы басталғалы Ақтөбе облысында тіркелген суға кетудің үшінші қайғылы оқиғасы.