Ақтөбе облысында денсаулық сақтау саласындағы үш нысанның құрылысына 5,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жобалар Ақтөбе қаласында жаңа жедел жәрдем қосалқы стансасын, Ырғыз ауданында емхана және Жаңақоныс тұрғын алабында облыстық психикалық денсаулық орталығының қосымша ғимаратын салуды көздейді, деп хабарлайды ult.kz.
Барлық нысанды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Ақтөбе қаласының Қарғалы тұрғын алабында құны 3 млрд теңгеден асатын жедел және шұғыл медициналық көмек қосалқы стансасы салынады. Нысан 10 санитарлық көлікке арналған гаражбен жабдықталып, жылына 25 мың шақыртуға қызмет көрсетуге есептелген.
Жаңа станса жедел жәрдем бригадаларының келу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Ол Қарғалы, Ақжар, Көктем, Қызылжар және қала маңындағы басқа да қарқынды дамып жатқан тұрғын алаптарына қызмет көрсетеді.
Қазір жұмыс істеп тұрған қосалқы стансаның жеті бригадасы шамамен 110 мың адамға қызмет көрсетеді. Аталған аумақтардың одан әрі дамуына байланысты жедел жәрдем қызметіне түсетін жүктеменің артуы күтіледі.
Сонымен қатар Ырғыз аудандық ауруханасының жанынан ауысымына 300 адам қабылдайтын екі қабатты емхана салынады. Жобаның құны – 1,3 млрд теңге.
Ал Жаңақоныс тұрғын алабындағы облыстық психикалық денсаулық орталығы үшін құны 1,4 млрд теңге болатын екі қабатты ғимарат бой көтереді.
Жаңа нысандардың іске қосылуы медициналық ұйымдардың кабинет қорын кеңейтіп, пациенттерді қабылдау жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жобалар өңірдегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.