Ақтөбе облысында полицейлер 500-ден астам түп қарасора өсірілген заңсыз алқапты анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға «Қарасора–2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тіркелген. Полицейлер құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісін әшкерелеген.
Тінту барысында жеке тұрғын үйдің ауласынан 500-ден астам түп қарасора табылған. Сондай-ақ кептірілген қарасора сабақтары, өсімдік тектес зат салынған орама және ақшалай қаражат тәркіленді.
Тергеу барысында 49 жастағы үй иесі қарасораны жеке тұтыну мақсатында өсіргенін айтқан. Медициналық тексеріс нәтижесінде оның ұсталған сәтте есірткілік масаң күйде болғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.