Ақтауда синтетикалық есірткі саудалаған деген күдікпен екі адам ұсталды: 41 түйіншек тәркіленді

Ақтауда синтетикалық есірткі саудалаған деген күдікпен екі адам ұсталды: 41 түйіншек тәркіленді
Маңғыстау ПД баспасөз қызметі

Ақтауда синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз айналымға шығарды деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Арнайы операция кезінде түсірілген видео жарияланды, деп хабарлайды ult.kz.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, 2 қазанда Маңғыстау облысының полицейлері өзге де құқық қорғау органдарымен бірлесіп, есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойған.

Арнайы операция Ақтау қаласының 32-шағын ауданында жүргізілген. Нәтижесінде синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз сатуға қатысы бар деген күдікпен екі ер адам ұсталды.

Тінту кезінде күдіктілердің уақытша тұратын жерінен синтетикалық зат салынған көптеген түйіншек, электронды таразы, орауыш материалдар және іске маңызы бар өзге де заттар табылып, тәркіленді.

Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері Ақтаудың бірнеше шағын ауданын тексеру барысында синтетикалық есірткі салынған жасырын орындарды — «закладкаларды» анықтаған.

Жалпы алғанда, салмағы шамамен 200 грамм болатын синтетикалық есірткі салынған 41 түйіншек тәркіленді.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.