Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл сәуір айынан бері есірткі жеткізудің 9 халықаралық және 2 өңірлік арнасының жолы кескен, деп хабарлайды ult.kz.
Сондай-ақ бір фитозертхананың қызметін тоқтатқан.
Арнайы операциялардың бірі Ақтау қаласының әуежайында жүргізілген. Онда денесінде жалпы салмағы 1 келі болатын 114 апиын капсуласын алып өтпек болған шетелдік азамат ұсталды.
Ал Астана әуежайында Оңтүстік Азия елдерінің бірінен 12 келі гашиш майын жеткізген қазақстандық қолға түскен.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары «көкнәр сабанын» ірі көлемде контрабандалық жолмен тасымалдап, таратумен айналысқан, сондай-ақ осы шикізаттан есірткі өндірді деген күдікке ілінген тұрақты қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
ҰҚК мәліметінше, жүргізілген шаралар барысында:
– 3,4 келі апиын;
– 9 келі гашиш;
– 11,4 келі синтетикалық есірткі;
– 18,5 келі гашиш майы;
– 26,4 келі марихуана;
– 110 грамм кокаин;
– 20 тонна көкнәр сабаны;
– 150 литрден астам прекурсор тәркіленген.
Аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдікпен Қазақстанның 23 азаматы мен 3 шетелдік ұсталды.
Қазір барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.