Ақтау қаласында төрт баланың анасы күйеуінің соққыға жығып, қолын сындырғанын айтып, көмек сұраған. Бұл туралы адвокат Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.
Әйелдің айтуынша, оқиға 8 қыркүйек күні болған. Оның сөзінше, күйеуі қатты мас күйде үйге келген. Сол күні енесі әйелді күйеуіне жамандаған. Артынша ер адам әйелін тұншықтырып, қылғындырған.
«Өлетін шығармын деп ойладым. Қолын тістеп, қашып шықтым. Бірақ артымнан келіп, асүйде ұрып, тепкіледі», – деп баяндаған әйел.
Соққы салдарынан әйелдің қолы сынған. Қазір ол ауруханада ем алып жатыр. Әйел полицияға арыз жазып, күйеуінен ажырасатынын және алимент өндіруге өтініш беретінін айтқан. Оның төрт баласы бар. Балалары әзірге анасының қарауында.
Адвокат Ләззат Рақышеваның мәліметінше, төрт баланың анасы 8 қыркүйекте көмек сұрап, орталыққа хабарласқан. Оған заңгерлік кеңес беріліп, Ақтау қаласының полиция қызметкерлеріне хабарланған. Полиция әйелдің арызын қабылдап, сот-медициналық сараптама тағайындаған.
Адвокат бұл іс бойынша әйелдің денсаулығына келтірілген зиянға құқықтық баға берілуі керегін атап өтті. Оның жазбасында жағдай ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағына сәйкес қаралуы мүмкін екені айтылған.