Жақында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне орыстың мемлекеттік М. Горький атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер Бекболат Парманов сахналаған «Аманат» қойылымының премьерасы өтті. Қазақтың классикалық эпосы – «Алпамыс батыр» жырының желісі бойынша дайындалған спектакльдің қоюшы-суретшісі Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Юлдаш Нұрматов десек, түбі түркі баласына ортақ жырдағы батырдың костюмдерін дәуірге сай етіп ұсынған қырғызстандық суретші Зухра Мұқамбетованың да ортақ құндылыққа айтарлықтай тер төккені байқалады.
Елордалық театрдағы «Алпамыс батыр» жырының сахналық нұсқасы отандық драматургия үшін тың дүние болып санала қоймағанмен, бұл спектакль орыс драма театрлары тарихындағы эпостық туындыларға арналған шығармалардың қанатқақтысы, алғашқы қарлығашы деуге толық негіз бар.
Жалпы «Алпамыс батыр» жырының қарақалпақ, өзбек, башқұрт, алтай елі, тағы басқа түбі түркі халықтарында бірнеше нұсқалары кездесетіні мәлім. Қазақ «Алпамыс» эпосымен ХІХ ғасырдың аяғында қауышты. Оның алғашқы нұсқасы бірінші рет 1896 жыл басылып шыққан болатын. Қазақ халқына жауһар жыр батырлар жыры ретінде жетсе, ал башқұрттарда, алтай елдерінде аңыз әңгіме, әпсана, жыр сияқты түрлі жанрда бірнеше нұсқалары кездесетіні көңілдегі көлеңкені көшіріп, көл-көсір көкжиекке бастайды. Түбі түркі халықтарының дастан, жырлары, эпостық кәусарлары да бір-бірімен егіз қозыдай ұқсас болумен қатар, қайнар-бастауына дейін бір бәйтеректің тамырынан тарап, жапырағынан жайылары ғылыми негізде тұжырымдалған түйін. Бұл жырды олардың халыққа жеткізу үлгілері мен музыкалық аспаптарда орындалу тәсілдеріне дейін өте-мөте ұқсас болғанын ғалымдар жоққа шығармайды.
Халық ауыз әдебиетінде орны бөлек саналатын батырлық эпос 1000 жылдан астам уақыт бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл мұрамыз болып есептеледі. Горький театры ұсынған аңыз сипатындағы сахналық шығарма қазаққа, сол сияқты барша түркі әлеуметіне ортақ байлықтың есігін театр өнері тілімен айтқанда, үйреншікті сүрлеуге соқпай, дәуір үніне сай өз соқпағымен келіп ашады. Мұнда Алпамыс әділеттілік үшін күрескен батыр ретінде ғана бейнеленбейді, қаһарман тұлғаның бүгінгі ұрпағымен рухтастығын, тәуелсіз халықтың жауынгерлік кескін-келбетін айқын айшықтауымен әсерлі. Ал сол тәуелсіздікті сақтап қалу үшін келешек ұрпаққа жүктелген аманат қандай? Батырлар жыры жас буынды патриотизмнің өміршең мөлдірімен сусындатады, отансүйгіштікке баулиды, туған жерді қорғап, ол үшін қасық қанын аямаудан асқан абыройлы борыш бар ма, сірә! Бүгінгі қоғамға ауадай қажет тақырыпты таба білу дегеніміз дәрігердің ауру ағзаны дер кезінде дәл анықтап дұрыс ем-дом қабылдауымен бара-бар әрекет дер едік. Сол сияқты атының өзі көп ойды айтып тұрғандай, «Аманат» спектаклі бүгінгі ұрпақ үшін бағасы өте жоғары қойылым. Соңғы кезде даладағы ойын балаларына дейін өз халқымыздың батырларына, айталық, Алпамыс пен Қобыландыға еліктеудің орнына қай-қайдағы бір бөтен елдердің фильмдеріндегі тұлғаларды жақын тұтуы – үлкен қауіп. Бар бола тұрып, сол батырды бағалай алмауымыз, қазақтың қаһарман бейнесін тарының қауызындай жас санаға сіңдіре алмай жатуымыз өкінішті. Астаналық орыс драма театрының осы бағыттағы батыл қадамы – қуантарлық жайт. Біріншіден, Отанды қорғаудың мөлдір бастауы –батырлар жырын орынды үлгі тұтса, екіншіден, бұл қойылым тау-тасы, суы, жасыл құрағы мен сай-саласы, қыр-белесіне дейін түгелдей Тәуелсіздік тойына лайықты тарту болып табылады.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»