Freedom Inside '26

Amanat партиясы «Әділет» партиясымен біріге ме? Тың ақпарат тарады

Amanat партиясы «Әділет» партиясымен біріге ме? Тың ақпарат тарады
Фото: "Аманат” партиясы

6 маусым күні өткен саяси кеңестің шұғыл отырысында Amanat партиясы жаңадан құрылған Әділет партиясымен ықтимал бірігу мәселесін қарастырды, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл ақпаратты BES.media тілшісіне Мәжіліс депутаты әрі партияның саяси кеңесі бюросының мүшесі Ерлан Саиров растады.

Ерлан Саировтың айтуынша, саяси кеңес мүшелерінің басым бөлігі президентті қолдайтын электораттың бірнеше партияға бөлінуін дұрыс деп санамайды.

«Қазір саяси кеңес мүшелерінің көпшілігі саяси бірігуді қолдап отыр. Менің ойымша, мұндай шешім қабылданады. Алайда түпкілікті шешімді партия съезі қабылдайды. Көпшілік президентті қолдайтын электоратты бөліп-жаруға болмайды деген пікірде. Сондықтан алдағы уақытта партиялардың бірігуі мүмкін», – деді ол.

«Әділет» партиясы туралы

Жаңа Әділет партиясының құрылғаны 2026 жылғы 15 сәуірде жарияланды. Келесі күні бастамашыл топ мемлекеттік тіркеуден өту үшін құжаттарын Әділет министрлігіне тапсырған.

Партия мүшелері елдегі саяси жаңғыруды, жаңартылған Конституция қағидаларын, заң үстемдігін және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтуді қолдайтындарын мәлімдеген.

Партия төрағасы болып бұрынғы Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай сайланған.

Саяси кеңес құрамына Бағдат Мусин, Динара Зәкиева, Андрей Лаврентьев, Марат Шибутов Рауан Кенжеханұлы, Ренат Бектұров енген.